Шелехов Николай Степанович (1920–1945), Кеңес Одағының Батыры.
Николай Степанович Шелехов – 66-гвардиялық атқыштар полкының (23-гвардиялық атқыштар дивизиясы, 3-ші екпінді армия, 1-ші Белорус майданы) рота командирі, гвардия лейтенанты.
1920 жылдың 6 желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының Уварово ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 6 сыныпты және трактористер курсын бітірген. Механикалық-транспорт станциясында тракторист болып жұмыс істеген.
Қызыл Армия қатарында – 1939 жылдан. Ұлы Отан соғысы майданына 1941 жылдың шілдесінде қатысқан. Мәскеуден Берлинге дейінгі жауынгерлік жолдан өтті. Бес рет жараланса да, майданнан кетпей, жаумен шайқасын жалғастырды. 1944 жылы кіші лейтенанттар курсын бітірді.
66-гвардиялық атқыштар полкының рота командирі гвардия лейтенанты Шелехов Берлин үшін болған шайқаста ерекше көзге түсті.
1945 жылдың 16 сәуірінде Шелеховтың ротаcы жылдам шабуылмен Одер өзенінен өтіп, оның батыс жағалауындағы неміс траншеяларын басып алды.
1945 жылдың 23 сәуірінде рота Берлиннің солтүстік шетіне кіріп, бекініс алды. Қала ішіндегі көше шайқастары басталды. Таңертең фашистер артиллериялық қарқынды оқ жаудырып, қарсы шабуылға шықты. Шелехов ротасының жауынгерлері он бес қарсы шабуылды тойтарды.
Шабуылдардың бірінде дұшпан жаяу әскері екі танктің қолдауымен келе жатты. Танктердің бірін Шелехов қолға түскен зеңбірекпен жойды, бірақ екінші танк тура атқан снарядпен зеңбіректің қалқасын талқандап, Н.С. Шелехов ауыр жараланды. Соған қарамастан, рота командирі сарбаздарын тағы бір шабуылға көтерді. Рота өз шебін қорғап қалды, бірақ командир шайқаста қаза тапты.
Бастапқыда Германиядағы Пейстуй елді мекенінде жерленген. Кейін Берлин қаласындағы Панков ауданындағы әскерилер зиратына (Германен штрассе) қайта жерленді.
1945 жылдың 31 мамырындағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен гвардия лейтенанты Николай Степанович Шелеховқа жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны және ерлігі мен батырлығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы (қаза тапқаннан кейін) берілді.
Ленин орденімен, I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Қызыл Жұлдыз орденімен наградталған.
Батырға туған ауылында ескерткіш орнатылған. Ол әскери бөлімнің тізіміне мәңгіге енгізілген. Алматы және Өскемен қалаларында батырдың атымен көше аталған.
Н.С. Шелехов туралы әдебиеттер
- Бесстрашные: очерки о Героях Советского Союза из Восточного Казахстана. – Алма-Ата: Казахстан, 1964. – Б. 39–43.
- Герои Советского Союза: краткий биографический словарь. 2 т. – М.: Воениздат, 1987. – Т. 1. – Б. 18.
- Кеңес Одағының батырлары – шығысқазақстандықтар: Мағлұматнама. – Өскемен: ШҚМУ, 2005. – Б. 3.
- Отан батырларын мадақтайды: шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының батырлары: фотоальбом. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – 288 б. – Б. 15.
Мақалалар:
- Гаврилова, Антонина. Соғыс батырларының есімін иеленген көшелер // Рудный Алтай. – 2015. – 14 наурыз (№ 30). – Б. 4.
Шығыс Қазақстанда 112 көше мен өткел Кеңес Одағы Батырларының атымен аталған. Өскеменде мұндай көшелер – он төрт. - Заритовский, Антон. Олардың есімдерімен… // Устинка плюс. – 2004. – 27 тамыз (№ 35). – Б. 21.
Өскемен көшелеріне есімі берілген Кеңес Одағы Батырлары туралы. - Щеглов, Владимир. Шелехов батырдың есімімен // Усть-Каменогорск. – 2015. – 16 сәуір (№ 16). – Б. 5.
Өскемендегі Шелехов есімі берілген көше және оның тарихы туралы.
