Өскемен қаласының құрылу тарихы

Қала тарихы 18 ғасырдың 20-шы жылдарынан бастау алған. Өскемен қаласы 1720 жылы ұлы мәртебелі І Петр патшалық құрып тұрғанда қамал-бекініс ретінде салынған.

Уақыт өте келе бекіністің жанынан адамдар қоныс тебе бастады. Ауыл болды, одан станица атанды. Станица 1804 жылдан қалашық деп атала бастады. Ал 1868 жылы Өскеменге қала статусы берілді. Қалада сауда, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары дами бастады, айлақ (пристань) құрылысы басталды. Кейіннен жеңіл өнеркәсіп, теміржол құрылысы салына бастады. Ұлы Отан соғысы жылдары ауыр өнеркәсіп дамыды.

Қаланың орысша атауы – Усть-Каменогорск, «усть»-құю, судың құяр жері, «камень»-тас, «гор»-тау, «устье каменных гор» болып бірлесіп, табиғи ерекшелігіне сай аталған. Ал, Өскемен сөзі фонетикалық өзгеріске ұшырап, қазақшаланған нұсқасы.

Өскемен бекінісінің салынуы жөніндегі жазбаша мәліметтерді Боярин Федор Байков қалдырған еді. Өскемен бекінісінің салынуы жайлы оқиғалар жылнамасы:

1714 жылы І Петрге сібір губернаторы М.Гагарин Иркеть өзенінің жағасында «алтын құмдар» бар екендігін айтады.

1715 жылы шілде айында Тобылдан шыққан И.Бухгольц отряды Ертісті бойлай жүзеді. Жуық арада Ямышев бекінісі салынады.

1719 жылы І Петр Яркенд алтынын іздеу және сібір губернаторы Матвей Гагариннің озбырлық қылықтарын әшкерелеу үшін жаңа отряд жібереді.

1720 жылдың мамыр айында И.М. Лихаревтің экспедициясы Ертіс бойымен Зайсан көліне қарай бойлай жүзеді. Үлбінің Ертіске құяр сағасында жаңа Өскемен бекінісінің негізі қаланады. Бекініс төрт жағынан жал-жал үйілген топырақпен бекітілген.

1746 жылы ертістік бекіністер негізінде қазыналық жер жырту жұмысы енгізілді. Осылайша, Өскеменде егін шаруашылығы қолға алынды. Өскемен бекінісінің тұрғындар саны өте баяу өсті, бұл сібір казактарын тіркегеннен соң, жұмыстан босатылған шендер, ерікті шаруалар, жер аударылғандар есебінен толды. 50-80 жылдары бекініс маңына Бердск, Чаусск, Белоярск слободасы, Ишім, Ялуторовск, Тарск уезі, Тобыл аймағының шаруалары қоныстанды. Осы кезден бастап мал шаруашылығы мен қолөнер дами бастады.

1765 жылы бекініс маңына «ташкенттік, бұқарлық, қырғыздық», Сібір мен Орталық Ресейдің келуші көпестеріне арналған айырбас сарайы салынды.

45 жылдан кейін, 1765 жылы ағаш бекініс жанып кетіп, 1772 жылдың маусымында бекіністе жаңа ағаштан жасалған шіркеу салынып, 1774 жылдан бастап қызмет көрсете бастады.

XIX ғасырдың басы Өскемен бекінісі үшін ерекше кезең болды. 1804 жылы ол қала мәртебесін алды. 1822 жылғы Жарғы бойынша, Өскемен – халық саны бойынша, сирек қалалар разрядына жатқызылды.  Ғасыр бойында Өскемен қаласының әкімшілік құрамы бірнеше мәрте ауысып үлгерді.

1822 жылы Өскемен – Омбы, 1836 жылы – Томск, 1854 жылы – Семей облысының құрамына кірді. 1869 жылы Семей облысының құрамында жаңа Өскемен уезі қалыптасты, орталығы – Өскемен болды. 1917 жылға дейін Өскемен қаласы уездік қала саналды. Өскемен Синьцзянь, Кашмир, Тибетпен сауда-саттық жүргізудің маңызды байланыс пункті саналды. Семей, Өскемен, Зайсан арқылы орыс-монғол саудасы жүзеге асты.

1837 жылы Өскемен қаласындағы татар мешітінің жанында ерлер мұсылмандық мектебі, кейінірек – тоғызыншы казак полкінің осында орналастырылған ұлдарға арналған мектебі ашылды. 1861 жылы аталған мектепте 20 оқушы оқыды.

1863 жылы ерлер және әйелдер приходтық училищесі ашылып, олар бір ғана шағын, ағаш үйде оқытылды.

1881 жылы ерлер приходтық училищесі қалалық үш сыныпты училищеге айналды.

1874 жылы Өскеменде қазақ тұрғындарын сауаттандыру мақсатында қазақ ер балаларға арналған интернеті ашылып, 1885 жылы қайта құрылды, ал 1894-1895 жылдары ауыл шаруашылық мектебі ашылды. 19 ғасыр соңында ауыл шаруашылық мектебінде орыс және қазақ балалары бірге оқитын болды.

1882-1885 жылдары Покров шіркеуі салынды.

1902 жылы Мариин әйелдер училищесі тұрғызылды. Педагогикалық курс тыңдуашылары Халыққа білім беру қоғамының қаржысына оқыды.

1912 жылы «Эхо» синематографы ашылды, ол кейіннен “Октябрь” кинотеатры деп аталды.

1914 жылдың тамыз айында дүниежүзілік соғыс басталып, ерлердің көпшілік бөлігі майданға аттанды. Азық-түліктің қымбаттауы, ауыр материалдық жағдай салдарынан Өскемен қаласында 1916 жылы 18 қаңтарда әйелдер ереуілге шықты, бірақ ол 3 күннен соң басылып тасталды. 1916 жылы тылдағы жұмысқа бұратана халықты алу туралы Жарлықтың соңы ұлт-азаттық көтеріліске әкеліп соқты. Өскемен уезінде көтерілісшілер саны 3000-ға жетті. Қалаға ақпан революциясы және самодержавиені құлату жайында хабар тек 1917 жылы 3 наурызда жетті. Өскеменде еркіндікке шақырып, соғысты тоқтатуға үндейтін митингілер жүргізілді. 1917 жылы қазан-қарашада большевиктік ұйым құрылды. Оның басында совдеп – Яков Ушанов болды. 1918 жылы 14 наурызда қалалық дума таратылды. 31 наурызда уездік совдеп сайланып, оның төрағасы Я.Ушанов болды. Совдеп 97 күн ғана өмір сүрді, дегенмен осы уақыт аралығында біршама шаруашылық мәселелер шешілді: Үлбі арқылы өткізетін паром, қоғамдық ғимараттарды жөндеу, электростанция салу, қаланы көркейту жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылып, Қызыл гвардия, Жастар кеңесі, жаңа мектептер ашылды. 1918 жылы 18 маусымда Кеңес үкіметі құлатылып, совдеп мүшелері қамауға алынып, жазаланды.

Қызыл Армия және Брезовск отряды партизандары бөлімімен 1919 жылы 10 желтоқсанда Өскемен қаласы ақгвардияшылардан азат етілді. 1919 жылы 22 желтоқсанда ревком өз қызметін бастады. Халыққа білім беру бөлімінің басында әйгілі жазушы, «Малахитовая шкатулка» еңбегінің авторы Павел Петрович Бажов болды. Оның редакциясымен қалада «Известия Усть-Каменогорского ревкома» және «Советская власть» газеттері жарық көрді. Бажовпен бірге болашақ жазушы Александр Мелентьевич Волков жұмыс істеді.  

20 жылдары Өскеменде кірпіш зауыты, дәріханалар, ауруханалар, су құбыры, Воровский атындағы қазақ педагогикалық техникумы ашылды, халық театрының орыс топтары алғашқы спектакльдерін көрсетті. Әйгілі жазушы Н. И. Ановтың басшылығымен «Алтай Звеносы» әдеби бірлестігі өз· жұмысын бастады. 1923 ж. «Охотник Алтая» журналының алғашқы нөмірі жарық көрді. Оның редакторы болашақ жазушы – Ефим Николаевич Пермитин еді. 30-жылдары облыстың келешек қуатты энергетикалық базасының негізі қаланып, Рубцовка-Риддер теміржолы салынды, Шығыс жолдары, жаңа фабрика мен зауыттар салу арқылы түсті металлургияның дамуы қолға алынды.

1939 жылы Өскемен қаласы Шығыс Қазақстан облысының облыс орталығы мәртебесін алды.

1941 жылы 22 маусымда гитлер әскерінің баса көктеп кіруі бейбіт құрылыс жоспарына нұқсан келтірді. Ұлы Отан соғысы басталды. 1941 жылдың күзінде Өскемен қаласына КСРО-ның түкпір-түкпірінен эвакуацияланған кәсіпорындар мен мекемелер келе бастады. 1942 жылы Орджоникидзеден эвакуацияланған «Электроцинк» зауытының демонтаждалған жабдықтар базасында, болашақ Өскемен ҚМК түсті металлургия флагманы (бүгінгі – ЖШС «Казцинк» Өскемен металлургиялық кешені) мырыш электролит зауыты салына бастады. Өскемен су электр станциясының құрылысы жалғасын тапты. Өндірісте көбінде әйелдер мен жеткіншектер жұмыс істеді. Олар «Бәрі де майдан және жеңіс үшін» ұранымен жанкешті еңбек етті.

Соғыстан кейінгі жылдары қала өнеркәсібі барынша дамыды. 1947 жылы Өскемен мырыш зауыты (ҚМК) алғаш металл құймасын шығарып, Өскемен ЖЭО (ТЭЦ) іске қосылды. 1949 жылы Үлбі металлургиялық зауыты алғаш өнім берді. 1952 жылы Өскемен қорғасын зауыты алғаш қорғасын шығарып, Өскемен су электро станциясының бірінші агрегаты тоқ берді.

1958-1959 жылдары Шығыс машина жасау зауыты мен конденсаторлық зауыт, 1961 жылы құрал жасау зауыты, 1965 жылы титан-магний комбинаты пайдалануға берілді. 1958 жылы наурыздан Өскемен теледидар орталығы жүйелі бағдарламалар бере бастады. 1960 жылы трамвай пайдаланымға берілді.

1952 жылы алғаш жоғары оқу орны – Өскемен пединституты (С.Аманжолов атындағы ШҚМУ), 1958 жылы құрылыс-жол институты (Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ) ашылды. Қаланың сыртқы келбеті өзгерді – көпқабатты үйлер, Спорт, мәдениет сарайлары, көрікті жағалаулар, саябақтар пайда болды.

1959 жылдың аяғында өскемендік құрылысшылар қала халқына Байланыс Үйін сыйға тартты.

1962 жылы 11 тамызда Өскемен Орталық мәдениет Үйі ашылды.

1965 жылы 12 қазанда Өскемен аэропортына Өскемен-Алматы авиарейсін орындаған АН-24 лайнері қондырылды.

1965 жылы 6 қарашада «Юбилейный» кинотеатры ашылды.

1969 жылы 22 наурызда Өскеменде Спорт сарайы ашылды. (5100 орын)

1970 жылы 9 тамызда Өскеменде Ертіс арқылы өтетін көпір пайдалануға берілді.

1970 жылы қазанда «Өскемен» қонақ үйі пайдалануға берілді.

1970 жылы шілде айында Өскемен жібек-маталар фабрикасының негізі қаланды.

1973 жылы сәуірде Өскеменде екі аудан құрылды: Үлбі және Октябрь аудандары.

1974 жылы қараша айында Жаңа Согра кентінде бақша өнімдерін өндіретін арнаулы КОКП ХХІІІ сьезі атындағы совхоз құрылды.

1975 жылы 7 мамырда Өскемен қаласының Ертіс жағалауында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан шығысқазақстандықтарға ескерткіш қойылды.

1975 жылы  қыркүйек айында Өскемен мәдени-ағарту училищесі ашылды.

1979жылы желтоқсан айында Жібек маталар комбинатының 500 тігін станогынан тұратын құрылысының үшінші кезеңі басталды.

20 ғасырдың 80-жылдары Өскемен қаласы Республикадағы ірі өнеркәсіп және мәдениет орталығына айналды.

1980 жылы мамырда Шығыс Қазақстан аумағында қорықтар туралы шешім қабылданды: оған Күршім, Тарбағатай, Марқакөл, «Рахман көлі» қорықтары енді.

1981 жылы қарашада О.Бөкеевтің «Ән салады шағылдар» кітабы жарыққа шықты.

1982 жылы тамызда Өскемен қаласында Қазақстан композиторларының әндеріне арналған фестиваль өтті.

1986 жылы Малеев кені пайдалануға берілді.

1989 жылы облыстық типография құрылысы аяқталды.

1991 жылдан бастап Өскемен қаласы Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Шығыс Қазақстан облысының облыс орталығы болып саналды.

1994 жылы қаңтарда Өскемен қаласындағы тұңғыш жекешелендірілген жоғары оқу орны Шығыс Гуманитарлық институтының негізі қаланды.

1997 жылы мамырда – Шығыс Қазақстан және Семей облыстары біріктірілді. Қыркүйек айында Краснооктябрьск көшесіне жазушы Мұхтар Әуезовтың есімі берілді. Қазір ол М.Әуезов даңғылы деп аталады.

1998 жылы 25 қазанда Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға берілді. 2010 жылғы 27 мамырда Ертіс көпірінің жанындағы жол айналма айырығы аралында облыс орталығының көрнекі жерінде Астананың басты құндылығы саналатын «Бәйтеректің» еліміздегі тұңғыш көшірме нұсқасы бой көтерді.

Шаруашылықтық нарықтық принциптері ауыртпалығын бастан кешіре отырып, Өскемен қаласы бүгінгі күні Қазақстан Республикасының басты өнеркәсіп, энергетика, көлік және мәдениет орталықтарының біріне айналды. Соңғы жылдары ірі және маңызды объектілер салынды: «Азия Авто» АҚ, «Алтын аймақ» корпорациясының гидрометаллургиялық кешені, облыстық диагностикалық орталық, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Даниэль» супермаркеті. «Жастар» саябағы, «Жеңіс» мемориалды кешені, 2003 жылы Үлбі арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға берілді. Қала бойынша барлық жерде жолдар, ғимараттар мен мәдениет ескерткіштері қайта жаңартылуда. «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ құрамындағы Қазақстан Республикасының Халық Банкінің Қазақстандық монета жасау сарайы – елдегі металлдан мемлекеттік сыйлықтар, пруф сапалы мерейтой монеталарын жасайтын жалғыз орын.

2015 жылдың 7 сәуірінде,Қазақстан Республикасы Президенті қатысуымен Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды.

Өскемен қаласының бүгінгі келбеті – тұғырлы тәуелсіздігіміздің жемісі.