Шілікті қорғандары Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы Шілікті аңғарында орналасқан. Ұзындығы 80 шм, ені 30 шм-ға созылған бұл аңғарды үш жағынан тау жоталары қоршап тұр: оңтүстігі мен батысында – Тарбағатай, шығысында – Сауыр, солтүстігінде – Манырак.
Аңғардың климаты өте қолайлы: жазы — салқын, қысы — жылы әрі қарсыз. Сондықтан қола дәуірінен бастап бұл өңірге егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысқан тайпалар қоныстанған.
Шілікті аңғарында ерте темір дәуіріне жататын екі жүзден астам ескерткіш бар, олардың шамамен 130-ы сақ кезеңінің қорғандары. Олар аңғардың орталық бөлігінде, ені 1,5 шм, ұзындығы 6 шм аумақты алып жатыр.
Қазақстан аумағында мұндай шағын жерде сақ мәдениетінің элиталық ескерткіштерінің осыншама тығыз шоғырлануы өте сирек кездеседі. Сонымен қатар, аңғар мен тау етектерінде қола дәуірінің қоныстары мен қорымдары, қоршаулар, түркі дәуіріне жататын қорғандар мен тас мүсіндер бар.
Аңғарды қоршаған тауларда қола дәуірінен кейінгі орта ғасырларға дейінгі кезеңдерге тән жартас суреттері көп. Өткен ғасырдың басында Шілікті аңғары ескерткіштерін зерттеген алғашқы ғалым – Семейден келген гидротехник Г.Н. Бокий болды. 1949, 1959–1962 жылдары Шілікті қорымдарын проф. С.С. Черников зерттеп, 13 қорғанды қазған.
2003 жылдан бастап бұл ескерткіштерді профессор Әбдеш Төлеубаев жетекшілік ететін экспедиция зерттеуде. Бүгінгі күні Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкерлері Шілікті-3 қорымының №1 қорғанын, Шілікті-2 қорымының №1, 2, 4 қорғандарын зерттеген.
Сенсациялық жаңалық Бәйгетөбе қорғанынан алынды. Мұнда Қазақстандағы үшінші “Алтын адам” анықталды. Шілікті-3 қорымындағы Бәйгетөбе қорғанынан барлығы 4303 алтын бұйым табылған, олардың ішінде: қабылан бейнесіндегі 153 әшекей, бүркіт бейнесіндегі 36 әшекей, бұғы бейнесіндегі 20 әшекей, қасқыр (аю) төлі бейнесіндегі 39 әшекей, арқардың мүсіндік бейнесіндегі бір әшекей, бес жұлдыз бейнесіндегі бір түйме- әшекей, қоңырау тәрізді 23 әшекей, 63 қырлы түтікше әшекей, 17 жапырақ тәрізді алтын жолақ, 7 алтын сым, жартылай шар тәрізді 141 шағын қондырма, дөңгелек пішінді 2835 шағын қондырма, 223 түтікше моншақ, 743 сақина тәрізді моншақ және бір шағын қапсырма бар.
Шілікті-3 тобына жататын Бәйгетөбе қорымдары – нағыз ғаламат архитектуралық құрылыс. Қорғанның көлемі мен құрылымы онда сақ патшасының жерленгенін анық дәлелдейді.