Рощин Лев Михайлович

Рощин Лев Михайлович (1922–1958), Кеңес Одағының Батыры.

Рощин Лев Михайлович – 190-шабуылшы авиация полкы (214-шабуылшы авиация дивизиясы, 15-әуе армиясы, 2-Прибалтика майданы) эскадрильясының командирі, аға лейтенант.

1922 жылы 30 қыркүйекте қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен қаласында қызметкердің отбасында дүниеге келген. Отбасымен бірге Риддер (1941–2002 жж. – Лениногорск) қаласына қоныс аударады. Ұлты – орыс. 1942 жылдан ВКП(б)/КПСС мүшесі. Риддер қаласындағы №11 орта мектептің 8 сыныбын, байланыс ФЗУ мектебін және авиация клубын бітірген.

Қызыл Әскер қатарында – 1940 жылдан. 1941 жылы Томск әскери-авиация ұшқыштар училищесін тәмамдады. Невинномысск әскери-авиация ұшқыштар училищесінде нұсқаушы ұшқыш болып қызмет етті. 1941 жылдың желтоқсанынан бастап майданда болды. Кавказды, Қырымды, Балтық жағалауын азат ету ұрыстарына қатысты.

1944 жылдың 5 мамырында Лев Рощин Севастополь ауданына екі рет ұшып шығып, екі зенит нүктесінің оғын басып, жаудың жаяу әскерінің шоғырланған орындарындағы екі блиндажды жойды, көптеген жау техникасы мен тірі күшін құртты. 6 мамырда Лев Рощиннің басшылығымен Ил-2 тобы Херсонес мүйісіндегі жау аэродромына шабуыл жасап, жерде тұрған үш ұшақты жойды.

7 мамырда шабуыл қайталанып, екі неміс ұшағы жойылды, жанармай қоймалары өртелді. Қайтып келе жатқанда Ил-2 тобына неміс истребительдері шабуыл жасады. Әуе шайқасында Рощин бастаған топ тұйық шеңбер құрып, бір де бір ұшақты дұшпаннан бөліп әкетуге жол бермеді. Топты үш рет негізгі нысанаға алғанмен, неміс ұшқыштарының әрекеті сәтсіз болды. Үшінші шабуыл кезінде аға лейтенант Рощин бір жау истребителін атып түсірді.

190-шабуылшы авиация полкының эскадрилья командирі, аға лейтенант Рощин 1944 жылдың тамызына қарай жау әскерінің шоғырланған орындары мен әскери нысандарына 470  рет аспанға көтеріліп, жауынгерлік тапсырма орындады.

Осы уақыт ішінде ол 31 жау танкін, 137 автомашинаны, 59 далалық артиллерия қаруын жойды немесе зақымдады; 43 зенит нүктесінің оғын басты; 29 дзотты қиратты; 3 паровоз бен 37 теміржол вагонын өртеді; жерде мыңнан астам жау солдаты мен офицерін, 13 ұшақты жойды; әуе шайқастарында бір ұшағын атып түсірді.

1944 жылдың 26 қазанындағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен неміс басқыншыларына қарсы күресте командованиенің тапсырмаларын үлгілі орындағаны және көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін аға лейтенант Лев Михайлович Рощинге Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі тапсырылды.

Соғыс жылдарында Лев Рощин барлығы 565 рет әуеге көтеріліп, жауынгерлік тапсырма орындады.

Соғыстан кейін әскери-әуе күштерінде қызметін жалғастырды. 1951 жылы Командалық құрамды жетілдірудің жоғары ұшу-тактикалық курстарын бітіріп, авиация полкінің командирі болды.

1958 жылдың 20 ақпанында полковник Л. М. Рощин Минск түбінде жаңа реактивті әскери ұшақты сынау кезінде қаза тапты. Пятигорск қаласының әскери зиратына жерленді.

Ленин орденімен, 4 Қызыл Ту орденімен, 2 Александр Невский орденімен, 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, 3 Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдармен наградталған.

Батырдың есімі туған қаласындағы бір көшеге берілген. 1965 жылдың 7 мамырында Жеңістің 20 жылдығына орай Риддер қаласындағы №11 мектепке Кеңес Одағының Батыры Лев Михайлович Рощиннің есімі берілді.

Рощин Л. М. туралы әдебиеттер:

  • Герои Советского Союза казахстанцы: Құжаттар мен материалдар жинағы. 2 т. – Алма-Ата, 1968. – Т. 1. – 49–50-бб.
  • Герои Советского Союза: краткий автобиографический словарь. 2 т. – М.: Воениздат, 1987. – Т. 1. – 18-б.
  • Кеңес Одағының батырлары – шығысқазақстандықтар: анықтамалық. – Өскемен, 2005. – 3-б.
  • Отан батырларын мадақтайды: шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының батырлары: фотоальбом. – Өскемен, 2010. – 288 б.
  • Потапов Л. Штурмовики // Бесстрашные: Шығыс Қазақстандық Кеңес Одағы Батырлары туралы очерктер. – Алма-Ата, 1964. – 16–22-бб.
  • Тихоновская П. Л. Рощиннің биік аспаны. – «Рудный Алтай», 1995, 18 ақпан.