Халзун, Көксу, Ивановск, Линейск жоталары түйісетін, Қара және Ақ Уба, Тұрғысын және Борсық өзендері бастау алатын Кенді Алтайда 1992 жылы өлкенің таулы ормандарын сақтап қалу мақсатында Батыс-Алтай мемлекеттік қорығы құрылды. Оның ауданы 51,6 мың гектар жерді құрайды және Зырян мен Риддер аудандарының аумағына кіреді.
Қорық аумағында көптеген шағын тау көлшіктері бар. Олардың пайда болуы мұз дәуірімен байланысты. Бұл жерде саз батпақтарға айналған шағын бұлақтардың торабы кең таралған. 14 шағын мұздық 1,1км2 ауданды алып жатыр.
Қорықтың жері кең аңғарлы өзендері бар орта таулы аймақ. Иванов жотасына Алтай тауларының мезозой дәуірінде біртіндеп бұзылған, ежелгі көлбеу жазық дала тән. Линейск жотасының суайрығында көлбеу орналасқан «баған» түріндегі көптеген жалаң жартастар кездеседі.
Аймақтың ауа-райы ерекше. Жыл бойы температура қыс кезінде -50 С-тан жаз маусымында +35 С-қа дейін көтеріледі. Жауын-шашынның мөлшері 400-900 мм-ге, кей жылдары 2500-3800 мм-ге жетеді. Қорықтың аумағы негізінен ылғалды, суық климаттық аудандарға жатады.
Қардың көп жауатыны соншалық, ық беткейлердің кейбір жерлерінде қардың қалыңдығы 8 метрге дейін жетеді. Бұл аймақ Қазақстандағы ең ылғалды жер болып саналады. Сондықтан да бұл жерде бірден-бір қайталанбас өсімдіктер мен жануарлардың ерекше дүниесі қалыптасқан.
Мысалы, жоталардың басында поляр қайыңдары мен талдары, саз батпақтарда – солтүстік қараөлең, сондай-ақ ұлпабас өседі. Тек осы жерден құлауға шақ қалған мыңжылдық самырсын ағаштары табылды. Олардың діңінің периметрі 8 метрге дейін жетеді. Бұл ағаштарды Алтай ормандарының патшалары деуге болады.
Қорықтың топырағы шымды топырақтарға жатады. Олардың шекарасы самырсын-терек және самырсын ормандарының таралу аймағымен анықталады. Қорық аумағында топырақ қабаты екі негізгі аймаққа бөлінеді:
– орманды
– альпілік
Орманды аймақ теңіз деңгейінен 1000-1700 м. Биіктікте жатыр және өз ішінде екі аймаққа бөлінеді:
– төменгі (1000-1200 м)
– жоғарғы (1200-1700 м)
Төменгі аймақта самырсын және самырсын-терек екпе ағаштары көп кездеседі. Жоғарғы аймақты қайың, самырсын және балқарағай аралас қою қылқанжапырақты ормандар алып жатыр.
Альпілік аймақ 1700 м. және одан жоғары биіктіктен басталады. Бұл жерлерде альпілік шалғындар мен биік таулы тундра қалыптасқан.
Өсімдіктер әлемі
Қорықтың өсімдіктер жамылғысы әр алуандығымен көз тұндырады. Өсімдіктер жапырақты, қою қылқанжапырақты және қара орман, сондай-ақ биік таулы тундра белдеулерін құрайды.
Жапырақты орманды құрайтын түрлерге негізінен бұта қайың мен имек қайың, терек жатады. Екінші сатыны мойыл, шетен, шәңгіш, сары қараған құрайды. Қалың шөп жамылғысында сібір балдырғаны, аю балдырған, аққылтанды бәрпі, жалпақжапырақты шұбаршөп, шұғылық, биік тегеурінгүл, дәрілік бақ-бақ, кәдімгі қыранот және т.б. өседі.
Қара орманның бірінші қабатында сібір самырсыны, екінші қабатында терек, қайың, шәңгіш, шетен, мойыл өседі. Шөп жамылғысы өте биік. Бұл жерлерде мүк қабаты жоқ деуге болады.
Қара орман белдеуі шөптесін өсімдіктерінің көптігімен ерекшеленеді. Олардың көбі биік тау шалғындарына да бойлай еніп жатыр: бір жылдық сушырмауығы, аққылтанды бәрпі, сібір ушырмауығы, сібір жанаргүлі, іріжапырақты және ұсақжапырақты куриль шәйі, орман бүлдіргені, таңқурай, дәрілік шүйіншөп, сібір қандығы және т.б.
Қою қылқанжапырақты орман 1400-1900 метрге дейін биіктікте Қара Уба бассейнінде таралған. Ағаштардан бұл жерде үш қылқанды түр кеңінен таралған: шырша, самырсын және балқарағай. Жекелеген учаскілерде балқарағай және қайың кездеседі. Өсімдіктер дүниесін таға, тарышық, жатаған шағырбидай, шегіршін жапырақты жұлдызгүл, Гмелин атбұршағы, шегіргүл, қызамық, қаражидек, орман жасылшасы, итмұрын және т.б. құрайды. Мүкті жабын жақсы дамыған.
Қорық аумағындағы субальпілік шалғындарды биік шөптер және аласа шөптер деп бөлуге болады. Олардың ішінде қалың шөптесін өсімдіктер өскен биік шалғындар кеңінен таралған. Субальпілік шалғындардағы өсімдіктердің басым түрлері – марал тамыр, ақ қазтамақ, алтай және азия күнгелдісі, ақ тамырдәрі, Фролов ащы шұбаршөбі, қызғылт семізот және т.б.
Альпілік шалғындар субальпілік шалғындардан кейін орналасады және Кенді Алтайға тән айқын шекарасы болмайды. Өсімдіктер жамылғысының басым түрлеріне биік таулы белдеуге тән өсімдіктер жатады. Бұл жерде бұта қайың, алтай түпжапырағы, Смирнов доңызоты, шөмішгүл, алтай тиынтағы, қызғылт семізот, алтай еменжапырағы, наурызгүл, темекішөп және т.б. өседі.
Биік таулы тундра 2000-2200 м. биіктікте орналасқан. Өсімдіктер жамылғысын келесі түрлер құрайды: альпі сушырмауығы, алтай қоңырбасы, Крылов бетегесі, альпі түлкіқұйрығы, сібір қандығы, қар дәуаяғы, қызғылт және таспа жапырақты семізот, итбүлдірген, қаражидек, қалың жапырақты бадан, алтай шегіргүлі, алтай сарғалдағы, альпі сүттігені, саян талы, тегіс тал, дөңгелек жапырақты қайың, қызыл және сібір аршасы.
Қара және Ақ Убаның бастауларында биік таулы альпі саз батпақтары (ағынды және тұйық) орналасқан. Оларда өскінділердің болуына қарай үш түрге бөлінеді:
– мүкті
– ұлпабас-өлең шөпті
– аралас типті
Мүк пен қынадан басқа бұл жерден қызыл бетегені, сібір қоңырбасын, Смирнов доңызотын, ақ тамырдәріні, батпақ қалтагүлін, дөңгелек жапырақты және аласа қайыңды, түрлі талдарды (Саян, Шапошников, Карелин, қара) кездестіруге болады.
Қорықтың өсімдіктер дүниесіндегі тізім 800 түрден асып жығылады. Олардың ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілгендері: сібір қандығы, ірі гүлді шолпан кебіс, алтай рауғашы, қар дәуаяғы, қызғылт семізот, алтай суықшөбі, тәтті жапырақты таспа, сушырмауық. Құрып бара жатқан, сирек кездесетін көнезамандық өсімдік түрлері 45-ке жетеді.
Жануарлар әлемі
Қорықтың өзен-көлдерінде балықтың 2 түрі – тәймен және сібір хариусы, қосмекенділердің 2 түрі – сүйіртұмсық бақа, сұр құрбақа; бауырымен жорғалаушылардың 2 түрі – кәдімгі сұржылан, тірі туатын кесіртке мекен етеді.
Қорық аумағында құстардың 200 түрі, сүтқоректілердің 52 түрі тіршілік етеді. Құстардың ішінде солтүстіктен келіп, осында мекендеп қалып қойған құстар да бар. Олар – алқалы татрен, тундра аққұры. Көп кездесетін құстар: кезқұйрық, жамансары, орман байғызы, меңіреу құр, сұр құр, қара тоқылдақ, үшсаусақ тоқылдақ, боз суықторғай, бұлбұл, сібір тағанағы және сібір шыбыншысы.
Қорық аумағында кездесетін аңдар: сілеусін, құдыр, бұлан, құну, марал, қоңыр аю, суыр, бұлғын, түлкі, ақкіс, елік және тиін.
Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген омыртқалылардан бүркіт, лашын, ителгі, үкі, қара дегелек қорғауға алынған.
Әдебиеттер тізімі:
- Батыс-Алтай қорығы // Байғабылова, А. Қазақстан қорықтары [Мәтін] / А. Байғабылова; ред. А. Жақыпова; ҚР Білім және ғылым м-гі. – Алматы: Аруна, 2003. – 11 б.: сур. – (Сен білесің бе?).
- Батыс-Алтай қорығы // Қазақстан [Мәтін]: ұлттық энциклопедия. 2-т. Ә – Г. / ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1999. – 704 б.: суретті.
- Западно-Алтайский государственный природный заповедник // Физическая география Восточного Казахстана: Западный и Восточный субрегионы[Текст]: Учеб. пособие. –Усть-Каменогорск, 2002. -С.143-144.
- Западно-Алтайский заповедник [Текст] // Новые заповедники Казахстана. – Алма-Ата, 1988. – С.48-59.
- Уалханов, Ш. Табиғи қорықтың ауа райының ерекшелігі [Мәтін] / Ш. Уалханов // Экологический курьер = Атамекен KZ. – 2018. – 16-31 наурыз(№6). – Б. 3.
- Матков, Дмитрий. Эталон Западного Алтая [Текст] / Д. Матков // Экологический курьер = Атамекен KZ. – 2019. – 12-30 июня (№ 12). – С. 4.
- Премина, Н. В. Лесные богатства заповедника [Текст] / Н. В. Премина // Экологический курьер. – 2019. – 16-31 дек. (№ 24). – С. 7.