Алексей Иванович Чернов (1924–1989), Кеңес Одағының Батыры.
Кеңес Одағының Батыры Алексей Иванович Черновтың есімі Көкшетау қаласындағы Даңқ обелискіне қашалып жазылған.
1924 жылы 30 наурызда Қазақстан Республикасы Ақмола облысы, Балкашино ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Білімі – орта аяқталмаған. Лениногорск (қазіргі Риддер) фабрика-зауыт оқуын тәмамдағаннан кейін Белоусов кенішінде жұмыс істеді.
1942 жылы 31 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Киров аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Запас артиллерия полкында көздеуші мамандығын меңгерді. 1943 жылдың ақпанынан бастап майданда болды. 123-артиллерия полкы құрамында Курск түбіндегі шайқасқа қатысты. Жарақат алды. Госпиталдан кейін 313-гвардиялық артиллерия полкының 121-гвардиялық атқыштар Гомель Қызыл Ту, Суворов орденді дивизиясына қарасты 76-миллиметрлік зеңбірек көздеушісі болып қызмет етті. Одер өзенін форсирлеу ұрыстарында ерекше көзге түсті.
1945 жылдың 21 қаңтарында 121-атқыштар дивизиясы Польшадағы Сьцинава қаласының солтүстігіндегі Кёбен (Хобеня) елді мекені ауданында Одерден өтуді бастады. Гвардия ефрейторы Черновтың есеп тобы шабуыл батальонымен бірге өзеннен алғашқылардың бірі болып өтті. Ұрыста олар орнатқан жалғыз зеңбірек жаяу әскерді тікелей қолдаған жалғыз қару болды. Ефрейтор Чернов тура наводкамен екі танкты, екі бронетранспортерді, алты автомашинаны өртеп, жеті пулемет нүктесін және шамамен алпысқа жуық жау солдаты мен офицерін жойды. Батальон неміс әскерінің барлық қарсы шабуылдарын қайтарып, қосымша күштер келгенше плацдармды ұстап тұрды.
1945 жылғы 10 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен неміс-фашист басқыншыларымен шайқастарда командованиенің жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындап, көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін гвардия ефрейторы Алексей Иванович Черновқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табыс етілді (№ 8826).
Демобилизациядан кейін Алексей Чернов Өскемен қаласына оралды. 1949 жылы Талғар ауылшаруашылық техникумын бітірді. Ұзақ жылдар бойы «Алтайсвинецстрой» тресінің транспорт конторасында механик, профилактикалық шеберханалардың бастығы, бас инженер, кейінірек «Востокстроймеханизация» тресінің автокөлік кәсіпорнының бастығы болып еңбек етті. Қала және аудан еңбек депутаттары кеңестеріне депутат болып сайланды.
1989 жылы қайтыс болды.
Ленин орденімен, Қызыл Ту орденімен, 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен және медальдармен марапатталған.
Батырдың есімі Өскемен қаласындағы «Б» шағынауданындағы көшеге берілген.
1985 жылдың 18 сәуіріндегі қалалық атқару комитетінің № 268-1.3 шешімі:
«Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс-фашист басқыншыларымен шайқастарда көрсеткен батырлығы мен ерлігі, қаламыздың еңбекшілері мен жастарына әскери-патриоттық тәрбие берудегі белсенділігі үшін Кеңес Одағының Батыры жолдас Алексей Иванович Черновқа “Өскемен қаласының Құрметті азаматы” атағын беру».
Әдебиеттер:
- Герои Советского Союза – казахстанцы. Т. 2. – Алматы, 1968.
- Бесстрашные. – Алма-Ата, 1964. (Шығысқазақстандық Кеңес Одағы Батырлары туралы брошюра)
- Щеглов В. Герой Черновтың есімі // Өскемен. – 2015. – 9 сәуір. – № 15. – 5-б.
- Соғыс қаһармандары атындағы көшелер: ұсыныстық әдебиеттер тізімі. – Өскемен, 2017. – 30 б.
- Пуссеп Г. Н., Грекова С. С. Өскемен қаласының Құрметті азаматтары. – Өскемен, 2008. – 136 б.
- Чернов Алексей Иванович: өмірбаяны (электрондық ресурс). – Қарау күні: 09.04.2019.
