Қалихан Ысқақ және «Бұқтырма сарыны» туралы бір ауыз сөз

Белгілі шығысқазақстандық прозашы, драматург, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты Қалихан Ысқақ 1935 жылы Катонқарағай ауданы, Топқайың ауылында дүниеге келген. Биыл туғанына 90 жыл толып отырған қаламгердің шығармаларындағы құнарлы тіл, көркем сурет, тегеурінді қуат, адам психологиясы мен портреті оқырман жанын еріксіз баурап алады. Әдебиет саласындағы ерен еңбегі нәтижесінде қаламгердің прозалық мектебі қалыптасты.

Оның «Қоңыр күз еді» атты алғашқы хикаяты 28 жасында жарық көрді. Соңына мол мұра қалдырған Қалихан Ысқақтың туындылары орыс, тәжік, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, украин, шешен, болгар, чех, словян тілдеріне аударылды. Кино саласында Қалекеңнің сценарийі бойынша «Сарша тамыз», «Ұшы-қиырсыз жол», «Күзет бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда» атты көркем фильмдер экранға шықты.

Қалихан Ысқақ шығармашылығы дегенде, әуелі көз алдымызға сұлу ырғақты, көркем сөзбен кестеленген Алтай табиғаты, оны мекен еткен халықтың қилы тарихы келеді. Екінші рет бажайлап, зер салғанда тағдыры өзгеше, дүниеге көзқарасы, өмір салты, ойлары, тұлғасы қайталанбастай етіп дараланған образдар галереясы ашылады.

Осы орайда «Бұқтырма сарыны» туралы аз-кем пікір білдірмек ойдамыз.

«Бұқтырма сарыны» атты философиялық астары қалың шығармадағы Жөгер шал образы – қазақ әдебиетінде аналогы жоқ образдардың бірі. Жазушы шығармасына көптің бірін емес, болмыс-бітімі, ой-өрісі елден бөлектеу, тағдыры қиын жанды таңдап алған. Рас, әу баста Жөгер көптеген жөгерлерден айырмасы жоқ, өз кезеңінің типтік өкілі еді. Ол дүние-мүлік, мал жиып, отбасын асырап күн көрмек болды. Алайда жазушы кейіпкері о баста ғана типтік қасиеттерімен танылса, кейінгі тағдыры, өмір сүру қалпы, ой-пікірі, әлемге көзқарасы арқылы тұлғасын қайталанбастай етіп ерекшелеген. Тарихи кезеңнің, қиын заманның, толқымалы әлеуметтік ортаның, қарапайым еңбекші жанның психологиялық ахуалы қаламгер үшін басты шығармашылық нысанға айналады.

Осынау мінезі де – оқшау, әрекеттері де – біртүрлі Қалихан кейіпкерінің ой қисынын саяси-әлеуметтік өзгерістер контексінде және экзистенциализм философиясы аясында қарастырсақ, түсінуге де болатындай. «…Болмысында күрескерлік рух жоқ жандардың ашық күн, бейбіт шақта да оп-оңай адасатынына, салы суға кетіп аяқ астынан күйреп, күйзелетініне шал образы куә», – дейді Жөгер шал бейнесі туралы С.Әшімбаев өзінің «Ізденіс бағдарын барлағанда» атты мақаласында. Қ. Ысқақ 1968 жылы жазған осы шығармасында жөгерлерге билік құрған жалпы социалистік қоғамдық формацияға қарсылығын ашық көрсететін күрескерлік рух дарыта алмауы бүгінгі күн биігінен түсінікті. Тек емеурін, астармен қоғамда осындай да әрекетшіл адамдар бар екенін мегзеп, шынайы көрсете алған.

Күрескерлік рухтың алғашқы бастамасы қалыптасқан жағдайға, үйреншікті тәртіпке деген қарсылық, наразылық. А.Камю өзінің «Бүлікшіл адам» ұғымын талқылауда оны «жоқ» дегенді айта алатын адам деп түсіндіріп, «күрескерлік рух «теория жүзіндегі теңдік іс-жүзіндегі ғаламат теңсіздіктерді жасырып тұрған қоғамда» өзін еркіндікке жібереді», – дейді. Расымен, Совет одағы құрылған алғашқы жылдары көптеген әлеуметтік әділетсіздіктер, күштеп ұжымдастыру халыққа көп зардабын тартқызғаны тарихтан мәлім. Бұған көндігіп, жаңа құрылымға икемделгендер де бар. Ал Жөгердің бір емес, үш рет бар тірнектеп жиған дүниесінің талан-таражға түсіп, одан айрылып қалуы, сондықтан бір емес, үш рет үдере көшуі, оның үлкен наразылығының белгісі. Жөгер – жаңа қоғамға өкпелі, одан көңілі қалған тип. «Советке деген іштегі мұздай қатқан беріштің алғашқы байланған сәті осы кез. Сол беріш күн өткен сайын ұлғая түспесе, кеміген жоқ», – дейді автор. Оның іші билікке деген қыжыл мен запыранға толы. Құла түзге көшуі – оның қоғамнан жырақтауы. Өз ойындағы барлық әділетсіздіктерге жол берген қоғамды жатсынуы.

Қалихан Ысқақ шығармасындағы жатсынудың төркіні қазақ әдебиетінде 1970-1980 жылдардағы шығармаларда көрініс тапқан жатсынулардан бөлектеу. Егер Оралхан Бөкеев пен Дулат Исабеков шығармаларында адам жанында болып жатқан психологиялық жатсыну жақсы көрініс тапқан болса, Қ.Ысқақ өзінің Жөгер шалы арқылы жатсынудың әлеуметтік, саяси төркініне көз жіберіп, әлеуметтік жатсыну мәселесін алға тартады. Яғни жазушы тұлғаның жан дүниесінде болып жатқан өзгерістердің қоғамдағы әлеуметтік, саяси өзгерістермен байланысы бар екенін тайсалмай бейнелейді.

Қалихан Ысқақ «Ақсу – Жер жаннаты» романы үшін 1992 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Бүкілодақтық экранға шыққан бірнеше толықметражды фильмдердің («Ұшы-қиырсыз жол», «Саршатамыз», «Охран бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда») сценарийін жазған. Шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, словак, болгар тілдерінде жарық көрген. Екі томдық таңдамалылары 1997 жылы оқырман қолына тиді.

Аударма саласында Л.Толстойдың, А.Чеховтың, И.Тургеневтің, А.Куприннің, И.Буниннің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Нобель сыйлығының лауреаттары болған жеті драматургтің пьесаларын қазақшалаған.

Исі қазаққа танымал жазушы, көрнекті қаламгер Қалихан Ысқақ 2014 жылы 13 тамызда көз жұмған.