Окей шатқалы өз атауын осы жерде табылған петроглифтер мекенінен алған. Ол Маңырақ жотасының сілемдерінде, Зайсан қаласынан оңтүстікке қарай 35 шақырымда, Талды ауылынан солтүстік-батысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан. Окей ескерткішінде 350-ден аса тас бар, олардың бетінде екі мыңға жуық петроглифтер қашалған. Суреттердің жасы неолит дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі кезеңді қамтиды. Бейнелердің шоғырлану тығыздығы бойынша Окей өңірде Мойнақ шатқалынан кейінгі екінші орын алады.
Бұл кешеннің ерекшелігі – мұнда аңшылық көріністерінің басым болуы. Ежелгі суретшілер бізге Сауыр тауларының ежелден-ақ аңға бай болып, талай ұрпақты асырап келгенін жеткізеді. Тастардың бірінде ламаистік «Ом мани падме хум» дұғасын жеткізетін жоңғарша жазу қашалған. Бұл өңір ерте заманнан бері аңшыларды өзіне тартып келген және бүгінге дейін өз әлеуетін жоғалтқан жоқ.