Сафонов Фёдор Матвеевич (1923–2008), Кеңес Одағының Батыры.
Сафонов Фёдор Матвеевич – 74-гвардиялық Сталинград Қызыл Ту және Суворов орденді шабуылшы авиация полкының аға ұшқышы, 1-гвардиялық шабуылшы авиация дивизиясы, 1-әуе армиясы, 3-Белорус фронтының гвардия кіші лейтенанты.
1923 жылы 21 наурызда Челябі облысы Варненский ауданының Масловецкое ауылында шаруа отбасында туған. Ұлты – орыс. 1932 жылдың басында Сафоновтар отбасы Қырғызстанның Фрунзе облысына көшеді. Ал 1933 жылы — Қазақстанның Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданындағы Михайловский шошқа өсіру совхозына қоныс аударады, сол жерде оның әкесі ұста болып жұмыс істеген. 1939 жылы Убинск сегізжылдық мектебінің 7 сыныбын бітіріп, сол жылы Семей ауылшаруашылық техникумына оқуға түсті. Оқып жүрген кезінде авиацияға қызығып, аэроклубқа қабылданады, бұл оның болашақ жолын айқындады.
Қызыл Әскер қатарында – 1940 жылдан, авиациялық училище жолдамасымен. 1944 жылы 1-ші Чкалов әскери авиация мектебін аяқтап, Куйбышев (қазіргі Самара) қаласындағы 12-ші Запас авиация полкына жіберілді. Мұнда ол Куйбышев авиация зауыты шығарған «Ил-2» шабуылшы ұшағын алып, майданға аттанды.
1944 жылдың 21 шілдесінен бастап Фёдор Сафонов 74-гвардиялық Сталинград Қызыл Ту және Суворов орденді шабуылшы авиация полкы құрамында (1-гвардия шабуылшы авиация дивизиясы, 1-әуе армиясы, 3-Белорус фронты) Беларусь пен Литваны азат етуге, Кенигсберг қаласының оңтүстігінде орналасқан Шығыс-Пруссия неміс топтамасын талқандауға, Балтық теңізіндегі Гитлердің соңғы бекінісі – Пиллау қаласын шабуылдауға қатысты.
1945 жылдың сәуіріне қарай гвардия кіші лейтенанты, комсомол мүшесі Сафонов Ф.М.-нің жеке жауынгерлік есебінде – тірі күшке, әскери техникаға, аэродромдарға, теміржол тораптарына және жау порттарына жасалған 109 жауынгерлік тапсырма болды. Осы ұшулар барысында ол:
– 11 жау танкін,
– 2 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыны,
– 10 далалық және зениттік артиллерия батареясын,
– 2 миномёт батареясын,
– әскери жүк тиелген 46 автомашинаны,
– оқ-дәрі және жанармай сақтайтын 3 қойманы,
– 30 вагоны бар бір паровозды жойды.
1945 жылғы 29 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен неміс-фашист басқыншыларымен күресте командованиенің жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны және көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін гвардия кіші лейтенанты Фёдор Матвеевич Сафоновқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табыс етілді (№ 6338).
1945 жылғы 24 маусымда ержүрек ұшқыш-шабуылшы Мәскеуде Қызыл алаңда өткен тарихи Жеңіс Парадына қатысты.
Соғыстан кейін Ф.М. Сафонов Барановичи қаласында, Беларусь әскери округінде қызмет етті. 1949 жылы Краснодар қаласындағы Жоғары штурмандар мектебін аяқтады. Хабаровскіде, 1956 жылға дейін Сахалин аралында қызмет атқарды. 1961 жылдан Куйбышев қаласындағы ӘҚҚ корпусына қарасты Бас командалық пункттің бастығы болды. Сол жылы полковник Сафонов әскери қызметтен босатылды.
Самара қаласында тұрды. Куйбышев авиация зауытында инженер, бөлім бастығы болып жұмыс істеді. Қалалық еңбек депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. 1979 жылдан бастап полковник Сафонов Ф.М. зейнеткерлік демалыста болды.
2008 жылдың 11 мамырында қайтыс болды. Самара қаласындағы Рубежное зиратына жерленді.
Ленин орденімен, 2 Қызыл Ту орденімен, 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, Даңқ орденінің 2 және 3-дәрежелерімен, медальдармен марапатталған.
Батырдың есімі Самара қаласындағы №12 мектепке, Самара қаласындағы және Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласындағы көшелерге берілген.
Ф. М. Сафонов туралы әдебиеттер:
- Герои Советского Союза: краткий автобиографический словарь. 2 т. – М.: Воениздат, 1987. – Т. 1. – 18-б.
- Кеңес Одағының батырлары – шығысқазақстандықтар: анықтамалық. – Өскемен: ШҚМУ, 2005. – 3-б.
- Отан батырларын мадақтайды: шығысқазақстандықтар – Кеңес Одағының батырлары: фотоальбом. – Өскемен: Медиа-Альянс, 2010. – 288 б. – 15-б.
