СІБЕ КӨЛДЕРІ

Сибе колШығыс өңіріндегі тұмса табиғаттың тағы бір інжу-маржаны – Сібе көлдері. Сібе көлдері Өскемен қаласынан 85 шақырым жерде орналасқан.

Бұл көлдер Ертістің сол жағалауынан аса қашық емес, Қалба тауларының қатпар-қатпар құйма тастарынан қаланғандай жоталардың арасында орналасқан. Тау табанындағы тостағандай бес көл кімді болса да таңдандырмай қоймайды. Сібе көлдерінің реттік саны һәм жекелеген атаулары бар: Шалқар, Қоржынкөл, Төрткөл, Қаракөл, Садыркөл.

Тереңіндегі малта тас көрінетін тұнықтығы, желмен жеңіл дірілдейтін керімсал көркі – Сібенің сәні мен салтанаты. Мұнда демалушыларды айнадай жарқыраған көлдер, граниттен тұратын тау сілемдері, шалғын шөбі мен бұталары қызықтырып, өздеріне тартып тұрады. Туристер де көптеп келеді. Әсіресе көршілес жатқан Ресей жерінен келушілер өте көп. Бұған себеп біріншіден, өңіріміздің табиғатының сұлулығы болса, екіншіден, туристік саланың жыл өткен са­йын ілгерілеп, дамып келе жатқаны болып табылады. Сондықтан Сібе көлдерінің сәні мен салтанаты артар күн алда. Мысалы, келешекте ұлттық саябақ салу жоспарлануда.