Тохтаров Төлеген

Төлеген Тохтаров (1920–1942), Кеңес Одағының Батыры.

1920 жылы 19 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына қарасты Қарақұдық ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 4 сыныптық білім алған. Лениногорск полиметалл комбинатына қарасты Лениногор қорғасын зауытында рафинировщик болып жұмыс істеген.

Қызыл Армия қатарына 1941 жылы шақырылды. 1941 жылдың желтоқсанынан бастап майданда болды.

23-гвардиялық атқыштар полкының (8-гвардиялық атқыштар дивизиясы, 3-ударлық армия, Калинин майданы) автоматшылар ротасының автоматшысы, гвардия қызыл әскері Төлеген Тохтаров 1942 жылдың 5 ақпанында Новгород облысындағы Нагаткино деревнясы үшін болған шайқаста алғашқылардың бірі болып ауылға басып кірді, автомат оғымен жеті фашисті жойып, екеуін тұтқынға алды.

Жауымен алғашқы шайқастар күндерінде Төлеген бөлімше партия ұйымына арыз жазып, онда: «Соғысқа коммунист ретінде барғым келеді. Мені партияға қабылдауыңызды сұраймын», — деп жазады. Рота жауынгерлері оны ашық мінезі, алғырлығы, ержүректігі үшін ерекше қадірледі. Батыл да шешімді әрекеттерімен ол өз жолдастарын үнемі ерлікке жігерлендіріп отырды.

1942 жылдың 7 ақпанында Бородино деревнясы үшін болған ұрыста ержүрек гвардияшы үйлердің біріне басып кіріп, бес жау солдатын жойды.

Төлеген Тохтаров 1942 жылдың 10 ақпанында қаһармандықпен қаза тапты. Сол күні оның окопына бір взводқа жуық гитлершілдер шабуыл жасады. Ержүрек жауынгер жан-жағынан қысып келген жауды жақыннан атты, ал совет жауынгерінің сұрапыл оғынан беті қайтқан жау кейін шегінді. Бірақ көп ұзамай қайта шабуылға шықты. Ұрыс барысында гвардия қызыл әскері Төлеген Тохтаров ауыр жараланып, ішінен оқ тиді, алайда оқ атуын тоқтатпады. Оқ-дәрісі таусылған сәтте оған қарай фашист офицері ұмтылды. Тохтаров ауруы мен ауыр жарасына қарамастан, тік тұрып, жауға қарсы беттеді. Ол соңғы күшін жиып, гитлершілге қарай ұмтылып, мылтығының прикладымен басын жаншып өлтірді. Осы сәтте екінші фашистің оғы тиіп, қаһарман құлап түсті.

Ержүрек гвардияшы Новгород облысының Старая Русса ауданы Бракловицы деревнясында жерленді.

1943 жылғы 30 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен неміс-фашист басқыншыларына қарсы майданда командованиенің жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындап, көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін гвардия қызыл әскері Төлеген Тохтаровқа Кеңес Одағының Батыры атағы (қаза тапқаннан кейін) берілді.

Есте қалдыру

Батырдың бюсті Таврический ауданының Герасимовка ауылында орнатылған. Оның есімі Алматы, Астана, Қызылорда, Өскемен, Риддер, Алтай, Серебрянск, Аягөз, Зайсан, Арал (Саксаул), Кентау қалаларында және Новгород облысының Старая Русса қаласында көшелерге берілген.

1982 жылдан бері Риддер қаласындағы Тохтаров ескерткіші республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің тізімінде. Биіктігі 3,5 метрлік ескерткіш 1970 жылы орнатылған. Скульпторлары – В. С. Раппопорт пен А. Е. Мартиросов, архитекторы – П. В. Шишов.

1947 жылы композитор А. Қ. Жұбанов пен Л. А. Хамиди бірлесіп, батырдың құрметіне «Төлеген Тохтаров» операсын жазды (либретто авторы – М. О. Әуезов).

Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы Тохтарово ауылы да Батыр есімімен аталады. Онда Батырға бюст орнатылған.

Кітаптар:

  • Әбішев Г. Орталық бағытта: ҰОС жылдарындағы Т. Тохтаровтың ерлігі туралы // Әбішев Г. Туған ел туы астында. – М., 1967. – 40–44-бб.
  • Әбішев А. Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысындағы қазақстандық жауынгерлерінің ерліктері: Т. Тохтаровтың қаһармандығы туралы // Әбішев А. Қазақстан Ұлы Отан соғысында 1941–1945. – Алматы, 1958. – 242–255-бб.
  • Тохтаров Төлеген // Герои Советского Союза – казахстанцы. – Алматы, 1966. – Т. 2 – 305–306-бб.
  • Төлеген Тохтаров // Бесстрашные. Очерки о Героях Советского Союза из Восточного Казахстана. – Алматы, 1964. – 50–53-бб.
  • Төлеген Тохтаров // Қазақ ССР: қысқаша энциклопедия. – Алматы, 1991. – Т. 4. – 245-б.

Мақалалар:

  • Азмухамбетов Ш. Бір отбасынан шыққан екі батыр // Рудный Алтай. – 2012. – 26 сәуір.
  • Воронин Н. Біз бұл күнді жақындатқандай болдық: шығысқазақстандықтардың ҰОС-на қатысуы, Т. Тохтаров пен Н. Шелихов туралы // Рудный Алтай. – 1995. – 7 мамыр.
  • Долгопятова Р. М. Төлеген Тохтаров туралы жаңа кітап // Мәдениет жаршысы. – 2010. – №5. – 19-б.
  • Жакиянова Ш. Сенің ерлігің өлмейді, Төлеген! // Рудный Алтай. – 2012. – 3 наурыз.
  • Көксегенова А. Төлеген Тохтаров: «Мен мәңгі өмір сүремін» // Рудный Алтай. – 2010. – 14 мамыр.
  • Курдоков Е. Шайқас алаңынан бір шымшым топырақ // Рудный Алтай. – 2001. – 28 тамыз.
  • Курдоков Е. Төлеген Тохтаровтың Бородино даласы // Мәдениет жаршысы. – 2011. – №12. – 31-б.
  • Мұхамеджанова У. Оның аты өлмейді // Рудный Алтай. – 2005. – 10 ақпан.
  • Трифонов В. Батырдың атымен аталған көше // Рудный Алтай. – 1985. – 16 қаңтар.
  • Чистяков М. Төлеген Тохтаров ескерткішінің жанында (өлең) // Рудный Алтай. – 2002. – 9 мамыр.