Құлыджын мемлекеттік табиғат қорықшасы (зоологиялық)

Құлыджын мемлекеттік табиғат қорықшасы (зоологиялық)

Қорықша 1967 жылы Самар ауданының аумағында (қаз.Көкпекті) құрылған. Қорықша Қызылқұм шөлінің құмды сілемінің көпшілік бөлігін және Зайсан ойпатының солтүстік-батысындағы Құлыджын өзенінің төменгі ағысындағы алқапты алып жатыр. Шығысында Бұқтырма су қоймасымен шектескен. Қорықша ауданы 46 мың гектарды құрайды.Қорықшаны құрудағы мақсат – қыста Қалба жотасынан қар аз түсетін жайылымдарға тебіндеу үшін қоныс ауыстырып келетін еліктерді, сондай-ақ басқа да саны азайып бара жатқан бағалы жануарлардың түрлерін сақтап қалу.Қорықша аумағы негізінен солтүстік типті құмды шөлейт түрінде келген. Өсімдіктер аз өсетін құм сілемдері қалың арша бұталары, тал, терек, бетеге-селеу өскен ойыстармен алмасып отырады. Құлыджын жайылмасында шағын үш көл бар – Казнаковка, Қамбар-Қарасу, Шаяшы.Қорықшаның бір артықшылығы – Қызылқұм құмды шөлінің Бұқтырма суқоймасымен шектесіп жатуы. Сондықтан ондағы өсімдіктер және жануарлар дүниесі әр алуан. Өсімдіктер әлеміҚорықшада 200-ге жуық күрделі өсімдіктер түрі өседі. Шөлді аймаққа тән өсімдіктер әлемінің өкілдеріне мұнда қияқ, қос масақшалы қылша, бұршаққынды әтеп, тікенді кекек, жіңішке жапырақты құртқашаш, шеңгел, жүзгін, шөлмасақ, даур аршасын жатқызады. Қорықша аумағында Қызыл кітапқа енгізілген бірнеше өсімдік түрі өседі. Бұлар – ақ түкті таспа, Мейер шоқгүлі, тиынтақ.Құм даланың оңтүстік-батыс бөлігінде шағын қарағай тоғайлары сақталған. Бұл XIX ғасырдың басында құрып кеткен Қатон-Қарағай қарағайлы ормандарының бір бөлігі деп саналады. Құлыджын жайылмасында әр түрлі дақылды шөптер өскен батпақты шалғындар таралған. Құм бархандарының аралығында жағасында жайқалып қамыс-құрақ өскен көлдер кездеседі.

Жануарлар әлемі

Құлыджын қорықшасының қосмекенділер әлемін екі түр құрайды – сұр құрбақа және сүйіртұмсық бақа. Аумақта бауырымен жорғалаушылардың алты түрі мекендейді: түрлі түсті кесіртке, секіргіш кесіртке, бұжча жылан, кәдімгі сарыбас жылан және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген зайсан жұмырбас кесірткесі, үлкен көз кесіртке.Құстардың арасында Құлыджын өзенінің жайылмасында ұя салатын су құстары көлбұқа, аққұтан, көкқұтан, сұр қаз, сұқсыр және сұржақ сұқсыр, сондай-ақ Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген дуадақ, жек дуадақ, безгелдек сияқты далалық және шөлейт аймақта таралған құстар кездеседі. Барлығы 80-ге тақау құстардың түрі тіршілік етеді.Қорықша сүтқоректілерді қорғауда үлкен рөл атқарады. Мұнда сүтқоректілердің 20 түрі тіршілік етеді. Қорықша аумағында сирек кездесетін үш саусақты ергежейлі қосаяқ, бірді-екілі шұбар мысық кездеседі.Бұл жерде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген шұбар күзен тіршілік етеді. Мұнан басқа қорықшада басқа да жануарлар мекен етеді: елік, қасқыр, түлкі, ондатр, жүндес қосаяқ, дала шықылдағы, эверсман атжалманы, су тоқалтісі, кәдімгі соқыртышқан, жабайы шошқа, борсық және т.б.

Әдебиет тізімі:

1. Кулуджинский государственный заказник // Казахская ССР: Крат.энциклопедия: В 4т. – Алма-Ата, 1988. – Т.2. –С296.

2. Кулуджинский государственный природный заказник (зоологический) // Физическая география Восточного Казахстана: Западный и Восточный субрегионы: Учеб.ппособие. – Усть-Каменогорск, 2002. -.148-149.

3. Кулуджинский заказник //Филиппов, В.А. Заповедные сокровища природы Рудного Алтая. – Алма-Ата, 1986. – С.23-25.