Марқакөл – ғажайып әсем тау көлі. Ол оңтүстігінде Азутау, солтүстігінде Қүршім жоталарының арасындағы ойыста орналасқан. Марқакөлдің суы өте мөлдір, ал оның көркем жағалаулары шығанақтармен қатты тілімденген. Кей жерлері ну орманмен көмкерілген, кейбір тұстары құздармен шектеледі, ал басқа аумақтары шалғындармен жабылған.
Көл теңіз деңгейінен 1447 метр биіктікте орналасқан. Оның беткі аумағы 455 шаршы километрді құрайды, ал ең терең жері – 30 метр. Көлдің ұзындығы 38 км, ені 19 км. Марқакөлге 100-ден астам өзендер мен бұлақтар құяды, ал көлден тек бір ғана өзен – Қалжыр (ұзындығы 128 км) ағып шығады. Ол – Қара Ертістің негізгі саласы. Айта кетерлігі, Қалжыр өзені жүз шақырымдай жер ағылып барып, Бұқтырма су қоймасына құяды.
Су айдынының түсі ауа райына қарай алуан түрлі реңкке енеді. Ашық күндері су көгілдір не көк түске боялса, ауа райы құбылғанда көл беті күмістей құбылған сұр-қара түске енеді.
Көлдің су бетінің күйі тәулік ішінде бірнеше рет өзгеріп тұрады. Көлдің суы өте жұмсақ, өте тұщы. Жазда су беті 17 °C, түбі 7 °C-қа дейін жылынады. Қыста көл толығымен қатып қалады. Мұз қату қазан айының екінші онкүндігінен басталып, орташа мұз қату уақыты – 20 қарашада. Қыста Қалжыр өзенінің бастауы ғана қатпайды, ал жылы қыстарда Марқакөлге құятын кейбір тау өзендері де қатпай тұрады. Мұздың қалыңдығы 60–120 см-ге дейін жетеді.
Геологтардың пікірінше, көл өте көне – мұздық дәуірінен бері сақталған. Көл жер асты сулары есебінен де қоректенеді. Марқакөл көлі төрттік кезеңнің бір мұздық фазасына байланысты пайда болған деп саналады. Ол кезеңде жер қыртысының көтерілуі мен жарылымдары нәтижесінде қазіргі жоталар мен тауаралық ойпаттар жүйесі қалыптасқан, кейін олар мұзданудың әсеріне ұшыраған. Мұздық іздері Қүршім жотасының су айрықтарында айқын байқалады.
Көл ерекше таза суымен және көксерке (сібір ленкасының жергілікті түрі) мен ақбалық молдығымен танымал. Бұл балық түрлері – эндемиктер, яғни тек Марқакөлде ғана кездеседі. Мұнда құстар да көп. Жағалаудағы шалғындарда гагаралар, сүңгуірлер, үйректер, шағалалар және шалғындық құстар ұялайды. Көл маңындағы ормандарда шіл, құр, бүркіт, дала қырғауылы жиі кездеседі.
Бұл өңірдің климаты – шұғыл континенттік. Қысы қатал, қарлы, температура –55 °C-қа дейін төмендеуі мүмкін. Жылдық орташа температура – –4,1 °C (Оңтүстік Алтайдағы ең төмен көрсеткіш). Жазда ауа температурасы +29 °C-қа дейін көтеріледі. Тәуліктік орташа температура 0°С-тан жоғары 162 күн, ал 0°С-тан төмен 203 күн сақталады.
Осы өңір туралы ХХ ғасырдың басында белгілі саяхатшы, натуралист, аңшы, Алтай зерттеушісі Н. И. Яблонский былай жазған: “При одном только воспоминании о дивной красоте этого большого озера в горах Южного Алтая меня невольно каждый раз снова тянет в чудный уголок мира, в этот рай земной. И дорого бы я дал, многим бы пожертвовал, чтобы снова иметь возможность поехать туда и поселиться там на всю жизнь, не испытывая особой нужды и лишений. Более живописного места, более красивого горного озера я не видел нигде и никогда, а изъездил я в жизни немало…. В период моей жизни в Южном Алтае я несколько раз посещал озеро Маркаколь, – был на нем и весной, летом и глубокой осенью, и каждый раз захватывающе любовался им и ни разу не мог налюбоваться досыта, каждый раз мне так не хотелось уезжать с него домой.” (1907г).
Аңыз
Марқакөл туралы өте әсем аңыздар бар. Солардың бірі – бір кішкентай қозы жөнінде.
Ертеде екі тау арасындағы таза қайнардың қасында әкесі мен баласы қой бағып жүреді. Олардың ішінде «марқа» деп аталатын (қыс бойы туған қозы) өте сүйкімді, ойнақтақ бір қозы болады. Бірде марқа су ішпек болып қайнарға барады. Кенет оны су өзіне тарта бастайды. Мұны көрген бала қозыны құтқармақ болып суға ұмтылады, бірақ шамасы жетпейді. Әкесін шақырады. Әкесі екеуі бірге жүріп марқаны әрең тартып шығарады. Құтқарылған соң сол жерден күшті су тасқыны аққаны айтылады. Су бүкіл жайылымды, одан кейін тұтас аңғарды толтырады…
Содан бері, жергілікті халықтың айтуынша, бұл көл Марқакөл – «қысқы қозының көлі» деп аталып кеткен.
Алайда көптеген ғалымдар көлдің шығуын ғылыми тұрғыдан түсіндіреді.